Шымкент қаласындағы №3 қалалық ауруханада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті. Жиын барысында медицина қызметкерлеріне Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, референдумның маңызы жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Делегация құрамында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Ғани Ташқараев, Сайрам медициналық колледжінің директоры Жанар Баймағамбетова, директордың орынбасары Бахадир Акрамшиков, №4 музыка мектебінің директоры Шокирбек Умаров және «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров болды.
Жүздесуде коалиция мүшелері Конституция жобасында қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер, азаматтардың құқықтық қорғалуы және мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласына қатысты нормалардың жетілдірілуі медицина қызметкерлері үшін маңызды екені айтылды.
Нұрлан Бекназаров өз сөзінде конституциялық өзгерістердің ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
«Біз ұсынған бастамалар мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Әсіресе, әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мен құқықтық қорғалуын күшейту – басты басымдықтардың бірі. Бұл құжат – тұрақты әрі әділетті жүйе қалыптастыруға негіз болады», – деді сенатор.
Ал Ғани Ташқараев Конституцияның жаңа жобасы қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.
«Әрбір өзгеріс нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Конституциялық реформалар тек саяси жүйені жаңғыртып қана қоймай, азаматтардың күнделікті өміріне оң әсер етуі керек. Сондықтан мұндай кездесулер арқылы біз халықпен ашық пікір алмасуды маңызды санаймыз», – деді ол.
Жиын барысында аурухана ұжымы өз сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық кездесулер алдағы уақытта да түрлі еңбек ұжымдарында жалғасын табады.

