Коалицияны құру Негізгі заңды жаңарту және заманауи мемлекеттік құрылым үлгісін қалыптастыру жөніндегі қоғамдық сұранысқа жауап болды. Жаңа Конституция жобасы жаңа шынайылықтар мен қоғамның үміт-тілектерін ескере отырып, саяси жүйе архитектурасын жүйелі түрде жаңғырту арқылы Күшті әрі Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалауға бағытталған.

«Қазақстанның жаңа Конституциясы – осы іргелі реформалардың шырқау шыңы. Бұл – Президентіміздің жылдар бойғы ой-толғамдарының жемісі. Халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілегі мен үміт-сенімі ұштасқан тарихи құжат. Сондықтан Жаңа Конституция халықпен бірге жазылған – нағыз Халықтық Конституция деуге толық негіз бар. Біз келер ұрпаққа әр азамат мақтан тұтатын, Өркендеген, Әділетті Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бәрімізді біріктіретін осы асқақ арман. Сол арманға – Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанға Президентімізбен бірге жетейік»
Мәжіліс Төрағасы, Жалпыұлттық коалицияның жетекшісі Ерлан Қошанов.
Коалиция өз қызметін ашықтық, тең өкілдік, қоғамдық диалог және саяси жауапкершілік қағидаттарына бағыттайды. Барлық шешім сараптамалық талдау мен кеңауқымды қоғамдық талқылау негізінде қабылданады.
Өз жұмысы аясында коалиция қоғамдық тыңдаулар, сараптамалық консультациялар, дөңгелек үстелдер, өңірлік кездесулер және азаматтардың цифрлық қатысу нысандарын ұйымдастырады. Жастарды, кәсіби қауымдастықты және өңірлер өкілдерін тартуға ерекше назар аударылады.
«Қазақстан болашақта азаматтары білімді, ғылымды меңгерген, инновацияға арқа сүйеген, технологиясы дамыған елдердің қатарында болуға ұмтылатынын байқатты. Сондықтан, бұл елдің өркендеуіне жаңа серпін беретін Конституция»
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.

Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік институттардың неғұрлым тұрақты, теңгерімді және тиімді моделін қалыптастыруға бағытталған. Бұл ұзақмерзімді тұрақтылықты, экономикалық өсуді және азаматтардың өмір сапасын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Коалиция конституциялық реформаның келесі кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамдық күш-жігерді топтастыру алаңы ретінде өз қызметін жалғастыруда.