Еліміздің қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі конституциялық реформа болды. Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның демократиялық жаңғыруға, халықтық билікті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге жасаған нақты қадамын айқындады.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты күшейтіледі. Мұндай жүйе билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді және мемлекеттік шешімдердің қабылдануын барынша ашық әрі жауапты етеді. Парламенттің өкілеттіктері кеңейтіліп, мәслихаттардың рөлі күшейтілді, бұл аймақ тұрғындарының мүдделерін орталық билікке тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.
Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық екені нақты бекітілген. Сөз бостандығы, әділ сотқа жүгіну құқығы, жеке қауіпсіздік мәселелері конституциялық деңгейде айқын көрініс тапты.
Жаңа Негізгі заңда әлеуметтік әділдікке ерекше назар аударылған. Мемлекет табиғи ресурстар халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс деген қағидатты бекітті. Бұл ұлттық байлықты әділ бөлуге және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға негіз қалайды. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімділігі негізгі басымдықтар ретінде белгіленді.
Сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға ерекше мән берілді. Мәслихаттардың өкілеттігі кеңейіп, жергілікті атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігі күшейді. Бұл өзгерістер аймақтардың дербестігін арттырып, жергілікті мәселелерді тұрғындардың тікелей қатысуымен шешуге жол ашады.
Жаңа Конституция – әділетті, ашық және жауапты қоғам құру туралы ортақ келісім. Ендігі басты міндет – онда бекітілген нормалар мен қағидаттарды іс жүзіне асыру. Бұл үдерісте әрбір мемлекеттік қызметшінің де, әрбір азаматтың да жауапкершілігі маңызды.
Меруеш БАШАЙ, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты