Қаз
Коалиция мүшелері Қонаевтағы ірі кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері «Қапшағай бидай өнімдері» кәсіпорнының еңбек ұжымымен жүздесті.

Кездесуде 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға ұсынылатын жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер талқылады. Коалиция мүшелері кәсіпорын қызметкерлеріне жаңа Ата Заңның адамға бағдарланған сипаты мен оның әрбір азаматтың өміріне әкелетін нақты өзгерістері туралы айтып берді.

Коалиция мүшесі Қуат Байғожаев жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау нормасы бекітілгеніне ерекше тоқталды.

«Конституция жобасының 21-бабында жеке өмірге қол сұғылмау, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі. Бұл – цифрлық дәуірде әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды өзгеріс», - деді Қуат Байғожаев.

«Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС директоры Закир Мова ұжым атынан коалиция мүшелеріне кешенді әрі мазмұнды ақпарат үшін алғыс білдіріп, қызметкерлердің референдумға белсене қатысуға ниетті екенін жеткізді.

Айта кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы ел бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, азаматтардың жаңа Конституция жобасына қатысты барлық сұрағына жауап беруге дайын.