Жезқазған қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ қызметкері Ержан Ибраев және өңірдің сарапшылар қауымдастығы өкілдері «Конституциялық реформа – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі» тақырыбындағы сарапшылық форумға қатысты. Іс-шараны «Ауыл» партиясының өңірлік филиалы Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесу барысында сарапшылар Конституцияны жаңартудың негізгі бағыттарын түсіндіріп, жаңартылған Конституция жобасындағы «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге, өкілді институттар мен партиялық жүйені дамытуға бағытталған нормаларды талқылады.
Сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктеріне, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге, адами капиталды, ғылым мен білімді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сарапшылар конституциялық өзгерістер қоғамның ашықтыққа, жауапкершілікке және тұрақты дамуға деген сұранысын көрсететінін, заң үстемдігін нығайтуға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді моделін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Талқылау аясында қатысушылар пікір алмасып, өзекті сұрақтарға жауап алды.