Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Елнар Берікбаев ғылым мен білім беру, мәдениет пен өнер салаларындағы конституциялық реформаның нақты пайдасы туралы айтып берді, деп хабарлайды Liter.kz.
"Маңызды белгі Конституцияның Кіріспесінде-ақ көрініс тапқан. Онда мемлекет мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарына бағдарланатыны нақты айтылған. Осылайша, мәдениет пен білім алғаш рет екінші кезектегі әлеуметтік сала ретінде емес, мемлекеттің құндылықтық негізі ретінде бекітіліп отыр", – деп атап өтті Елнар Берікбаев.
Оның айтуынша, дәл рационализм, құбылыстар мен заттарға ғылыми көзқарас ұлттардың дамуы мен өркендеуінің қозғаушы күші болмақ. Елдің мәдени мұрасын сақтау және оны көбейту прогреске бағыт береді, оған тұрақтылық дарытып, бейберекеттікке айналып кетуіне жол бермейді. Өйткені мәдениет – бұл мағыналар жүйесі, ұлт жады және бірегейлік.
"Конституцияның мәдениет пен білімге тікелей сүйенуі – мәдениет, өнер және білім саласы қызметкерлерінің кәсіби миссиясын ең жоғары деңгейде мойындау", – деді сарапшы.
Ол жаңа Конституция жобасының 33-бабында әр адамның білім алуға құқығы және ең бастысы – білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітілетінін айтты.
"Білім берудің зайырлылығы шығармашылық еркіндікке, оқыту еркіндігіне және ғылыми ізденіске кепілдік береді. Музыкалық мектептер, көркемөнер академиялары, шығармашылық жоғары оқу орындары үшін бұл идеологиялық немесе діни шектеулерсіз даму, заманауи әдістемелерді енгізу, тәжірибе жасау, еркін ойлайтын және креативті тұлғаларды тәрбиелеу мүмкіндігін білдіреді", – деп атап өтті КИСИ стратегиялық талдау бөлімінің басшысы.
Спикердің сөзінше, тағы бір маңызды мәселе – Конституция жобасының 40-бабы. Онда тарихи және мәдени мұраны сақтау туралы қамқорлық жасау міндеті көрсетілген. Бұл мәдениетті сақтау – жеке бастама емес, конституциялық құндылық әрі қоғамдық міндет екенін айқындайды.
"Демек, суретші, музыкант, ұстаз еңбегі тек кәсіби қызмет қана емес, қоғам тұрақтылығына қосқан үлес болып табылады. Сонымен қатар тағы бір маңызды қағидатты атап өткім келеді – 23-бапта зияткерлік меншікті қорғаудың конституциялық деңгейде бекітілуі. Шығармашылық мамандықтар үшін бұл аса маңызды. Авторлық құқық, зияткерлік және көркем еңбек нәтижелері күшейтілген қорғауға ие болады. Бұл шығармашылықты әуесқойлық емес, құрметке және әділ сыйақыға лайық толыққанды кәсіби қызмет ретінде қабылдауға бағытталған қадам", – деді Елнар Берікбаев.
Оның айтуынша, Конституция жобасы ғылым мен білімге, мәдениет пен креативті индустрияға деген жаңа көзқарасты ұсынады. 1, 33, 40-баптар және Кіріспе ережелері арқылы мәдениет пен білім адами капиталды дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде танылады.
"Жаңа Конституция жобасы бойынша референдумда біз болашаққа қатысты стратегиялық таңдау жасаймыз. Онжылдықтардан кейін қоғамымызды қандай күйде көргіміз келетініне жауап береміз. Егер оның негізінде ғылым, мәдениет және білім жатса, онда біз білім мен дамуға басымдық береміз. Дәл осындай іргетас елдің жүйелі, саналы әрі ұзақ мерзімді прогресіне берік негіз қалайды", – деп түйіндеді спикер.