Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясының мүшелері Жамбыл өңіріне келді.
Облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өңір жұртшылығымен кездесу өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары, ардагерлер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері, өңірдегі кәсіпорындардың, сондай-ақ медицина және білім беру салаларының қызметкерлері қатысты. Жалпы саны 500-ге жуық адам бас қосты.
Сөз басында Коалиция мүшелері аймақтардағы кездесулердің дәл осы Тараздан – киелі Әулиеата өңірінен басталуы бекер емес екенін атап өтті. Бұл – еліміздегі ең көне рухани әрі тарихи орталықтардың бірі. Осы қасиетті мекен арқылы ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы өтті, мұнда ғұлама ат-Таразилер ғылым шамын жақты, ал Жәнібек пен Керей хандар Қазақ Ордасының туын тікті. Сондықтан Жаңа Конституцияның преамбуласында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихы көрініс табуының мәні тереңде жатқаны осы Тараз төрінде айрықша сезіледі.
Кездесу барысында Жаңа Конституция мемлекеттегі саяси жүйенің бүкіл архитектурасын эволюциялық тұрғыда жаңғыртып, Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап жүзеге асырып келе жатқан реформалар бағытының заңды қорытындысына айналғаны ерекше атап өтілді. Құжат халықпен бірге жазылып, онда азаматтардың мұң-мұқтажы, талап-тілегі мен үміт-сенімі ұштасты, сондықтан оны нағыз Халықтық Конституция деуге толық негіз бар. Онда барша қазақстандық азаматқа ортақ Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп, Адал Азамат, Таза Қазақстан сынды қастерлі құндылықтар көрініс тапты. Конституцияның басты ұстанымы – адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін.
Кездесу қорытындысында Жамбыл облысының жұртшылығы Жаңа Конституция қоғам сұранысына толық жауап береді және Тәуелсіз Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етеді деп мәлімдеді. Сондықтан олар Жаңа Конституцияны толық қолдайтындарын жеткізді. Өңір тұрғындары 15 наурызда сайлау учаскелеріне келіп, Жаңа Конституция қабылдау, яғни Қуатты, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында өз таңдауын жасайды.
