Павлодардағы №1 Автопаркте ел болашағы туралы әңгіме қызметкерлерге таныс тақырыптардан – маршруттар, жұмыс кестесі және жақында желіге шыққан жаңа автобустардан басталды.
Соңғы бір жылда қалалық қоғамдық көлік айтарлықтай жаңарды: автопарк заманауи автобустармен толықтырылып, тұрғындар үшін жол жүрудің жайлылығы артты.
Осы алаңда Жалпыұлттық коалиция мүшелері жүргізушілермен және техникалық мамандармен әлеуметтік еңбек құқықтарын дамыту мәселесін де талқылады.
Спикерлер қалалық инфрақұрылымның жаңаруы мен елдегі институционалдық өзгерістер арасында параллель жүргізді. Олардың айтуынша, жаңа Конституция еңбек құқықтарының кепілдіктерін күшейтіп, кемсітушіліктің алдын алуға арналған қосымша тетіктер енгізеді.
«Егер жаңа автобустар қала тұрғындарының жол жүруін ыңғайлы етсе, жаңартылған Конституция еңбек жағдайларын әділ етуі тиіс. Реформалардың мәні – адам өз еңбегінің қадірін сезініп, заңның қолдауын көруінде», – деп атап өтті Айман Оспанова.
Автопарк қызметкерлері өз пікірлерімен бөлісіп, саланың дамуы туралы сұрақтар қойды. Кездесу ашық әрі еркін форматта өтті.

