Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының азаматтары референдумда өздерінің конституциялық құқықтарын алғашқылардың бірі болып Жапонияда жүзеге асырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Cыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Алғашқылардың бірі болып Токио қаласында өткен референдумда дауыс берген Қазақстан азаматы «Нихон» универститетінің 3 курс студенті Жібек Айдын болды.
«Қарастырылып отырған мәселе еліміздің алдағы даму бағыты үшін маңызды. Референдум өткізу ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам пікірін жан-жақты ескеруге мүмкіндік береді. Мемлекет әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына қажетті жағдай жасап отыр, ал біз үшін белсенді азаматтық ұстаным таныту – маңызды міндет», – деп атап өтті Ж.Айдын.
Ол сондай-ақ шетелде тұратын отандастарымыз Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен референдумға қатысу мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті.
«Бұл – еліміздің болашағына қатысты жауапты шешім қабылдауға берілген ортақ мүмкіндік. Қабылданатын шешім Қазақстанның орнықты әрі серпінді дамуына оң ықпал етеді деп сенемін», – деп түйіндеді дауыс беруші.
Айта кетейік, ең бірінші болып қазақстандықтар Корея мен Жапонияда дауыс беруге мүмкіндігі бар.
Сеулде #422 және Токиода #425 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де дауыс беру үшін бірінші болып ашылды.
Шетелдегі барлық референдум учаскелері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің аумақтарында ұйымдастырылған.
Ерсін АЛМАС