Қызылорда қаласында жаңа автовокзал ғимаратында көлік саласының өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға саланың 70-тен астам қызметкері – жүргізушілер, диспетчерлер және көлік кәсіпорындарының мамандары, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы азаматтардың әлеуметтік қорғалуын нығайту, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және көлік саласының инфрақұрылымын дамыту ісіндегі жаңа Конституцияның практикалық мәні болды. Депутаттар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және елдегі кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға бағытталған Ата Заңның басты ережелерін түсіндірді.
Коалиция мүшесі Мұрат Әбенов конституциялық реформалардың ел дамуы жолындағы маңызын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Құжатта азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды», – деді Мәжіліс депутаты.
Көлік саласының қызметкерлері Конституция жобасында еңбек адамының құқығын қорғау шаралары мен сала қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер нақты көрсетілгенін оң бағалады және елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды қолдайтындарын жеткізді.
Депутаттар конституциялық бастамалардың түпкі мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін нығайту және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын бекіту екенін атап өтті. Олардың айтуынша, ұсынылып отырған Ата Заң жобасы азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетіктерін күшейтіп, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті нақтылайды, сондай-ақ экономиканың және әлеуметтік саланың тұрақты дамуына негіз қалайды.
Сала ардагері және мемлекет қайраткері Өмірбек Шаменов өз тәжірибесімен және өзгерістерге деген көзқарасымен бөлісті. Ол Президент бастамаларының қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Жол сапасын тәжірибе арқылы түсінеміз. Біз әр жолдың сенімді әрі қауіпсіз болуын қалаймыз. Ата-бабамыздың «Жол мұраты – жету» деген даналығын ұстанған Президент біздің салаға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Біз бұл туралы жастарға үнемі айтып келеміз және Ата Заңға өзгерістер енгізу жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдаймыз», – деді ол.
Кездесу соңында еңбек ұжымы маңызды мемлекеттік өзгерістерді талқылауға қоғамның белсене қатысуы маңызды екенін атап өтіп, еңбек жағдайын жақсартуға және саланы дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екендерін жеткізді.


