Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы «Алма Тау» спорттық базасында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген спортшылар бұл жолы тек жаттығумен шектелмей, ел үшін маңызды саяси науқанға да белсенді қатысты. Ұлттық құрама мүшелері жаттығу кезінде арнайы уақыт тауып, Ақбастау ауылында орналасқан №760 референдум учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады.
Спортшылардың айтуынша, елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте әрбір азаматтың белсенділігі ерекше маңызды.
Былғары қолғап шеберлері референдумға қатысу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін атап өтті. Олар ел дамуына, мемлекетіміздің ертеңіне бейжай қарамай, осындай маңызды сәттерде өз ұстанымын білдіру нағыз отансүйгіштіктің белгісі екенін жеткізді.
Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс бергендер қатарында қазақстандық спортшылар, бокс шебері, Әлем чемпиондары ағайынды Төрехан және Махмұд Сабырхандар, әлем чемпионы және жастар арасындағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай, Азияның үш дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сағындық Тоғамбай бар.
Спортшылар жастарды ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси шараларға белсенді қатысуға шақырды.

