13 наурыз күні Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің ұйымдастыруымен елордалық белсенді жастармен Talks форматындағы мазмұнды кездесу өтті. Ашық пікір алмасу алаңында жаңа Конституция жобасындағы адам құқықтары, неке институты, білім беру жүйесінің рөлі және алдағы референдумның қоғамдық маңызы кеңінен түсіндірілді. Еркін форматтағы диалог жастардың көкейіндегі сауалдарды тікелей қоюға, ал спикерлердің тақырыптарды нақты мысалдармен түсіндіруіне мүмкіндік берді.
Кездесуге Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, «Respublica» партиясының мүшесі Дастан Давлетияров және білім саласының өкілі Әсель Нурбаева қатысты. Әңгіме барысында конституциялық қағидалардың күнделікті өмірмен байланысы, отбасы мен неке құндылықтарының қоғам тұрақтылығындағы орны, сондай-ақ білімнің азаматтық сананы қалыптастырудағы маңызы сөз болды.
Әсель Талғатбекқызының тренинг форматындағы түсіндіру жұмысы қатысушылардың қызығушылығын оятты. Ол Конституцияның мемлекет үшін неге қажет екенін, оның азаматтар құқығын қорғаудағы, қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі және ел дамуының ортақ ережесін қалыптастырудағы рөлін қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді. Интерактив элементтері мен нақты мысалдар бұл кездесуді жай лекциядан гөрі ой алмасуға құрылған шынайы диалог алаңына айналдырды.
«Жастармен осындай ашық форматта сөйлесу өте маңызды. Өйткені Конституция, адам құқығы, отбасы құндылықтары мен білім туралы әңгіме тек ресми мінберде емес, жастардың өз ортасында да терең талқылануы керек. Саналы ұрпақ қалыптасса, қоғам да берік болады», – деді Дархан Мыңбай.
Talks форматы жастардың пікірін тыңдауға, құқықтық мәдениетті күшейтуге және маңызды қоғамдық бастамаларға саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етті. Қатысушылар азаматтық жауапкершілік, құқық пен міндет теңдігі, сондай-ақ білімді ұрпақ қалыптастыру мәселелері бүгінгі қоғам үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті.
«Бүгінгі кездесу жастардың тек тыңдаушы емес, ой айтатын, сұрақ қоятын және қоғамдық үдерістерге белсенді араласатын буын екенін көрсетті. Референдум, құқық және білім мәселелері жөніндегі мұндай әңгімелер азаматтық ұстанымды нығайтады», – деп атап өтті Дастан Давлетияров.
