Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Осы бағытта «Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Зимовье арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ ұжымымен кездесу өтті.
Кездесу барысында мекеме қызметкерлеріне жаңа Ата заңда қарастырылған негізгі өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік саясатты жетілдіру бағытындағы бастамалар туралы кеңінен ақпарат берілді. Сондай-ақ Конституциялық реформалардың қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға және әлеуметтік саланың дамуына ықпал ететіні атап өтілді.
«Жаңа Конституция – еліміздің дамуының жаңа бағытын айқындайтын маңызды құжат. Онда азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталған нормалар қамтылған. Әсіресе, әлеуметтік сала қызметкерлері үшін бұл өзгерістердің маңызы зор, өйткені ол халықтың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді коалиция мүшесі Калел Теленчинов.
Кездесу барысында орталық қызметкерлері де өз пікірлерін білдіріп, жаңа Конституцияда қарастырылған бастамалардың қоғам дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді.Сондай-ақ 15 наурызда өтетін референдумға қатысатындықтарын жеткізді.
