Павлодар қаласындағы №7 орта мектепте орналасқан №55 учаскеде барлық процесс штаттық режимде өтіп жатыр. Сайлаушылардың құқықтары толық сақталған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жағдай жасалған: пандус, дауыс беруге арналған трафарет және аудиокөмекші бар. Сайлаушылар өте белсенді.
«Бүгін еліміз үшін ең маңызды күн. Адамдардың азаматтық борышын орындау үшін сайлау учаскелеріне асығып келіп жатқаны қуантады. Тағы бір ерекшелік – павлодарлықтар бастама көтеріп, референдумға ұлттық киіммен келді. Біз де балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін дауыс бердік», – деді белгілі тележурналист, қоғам қайраткері Ақмарал Сағынбекова.
Дауыс беру күні жаяу және автопатрульдер күшейтілді. Ол үшін қосымша полиция күштері мен әскери қызметшілер жұмылдырылды. Төтенше жағдайларға және қоғамдық тәртіптің өрескел бұзылуына жедел әрекет ету үшін полиция, ҰҚК, прокуратура және әкімдік өкілдерінен құралған облыстық жедел штаб жұмыс істеуде.
Павлодар облысында барлығы 535 сайлау комиссиясы құрылған: бір облыстық, 14 аудандық және қалалық, сондай-ақ 521 учаскелік комиссия. Сайлау учаскелері сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

