Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» тақырыбында ауқымды форум өтті. Референдумды қолдауға арналған іс-шара қоғамның түрлі саласының өкілдерін бір алаңға жинап, ел дамуы үшін маңызды бастамаларды түсіндіруге бағытталды.
Форум барысында қатысушыларға конституциялық өзгерістердің мәні, олардың мемлекет дамуына ықпалы және әділетті қоғам құрудағы рөлі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар референдумның ел болашағын айқындайтын маңызды қадам екені атап өтілді.
Тележүргізуші Санди Сұлтан: «Конституциялық өзгерістер – қоғамның жаңаруына бағытталған маңызды қадам. Әрбір азамат ел дамуына бейжай қарамай, осындай маңызды үдерістерге қатысуы қажет», – деп атап өтті.
Филиал өкілі Айгерім Серікжанова форум барысында: «Референдум – әр азамат үшін өз пікірін білдіру және ел болашағына қатысты жауапкершілікті сезіну мүмкіндігі. Бізді біріктіретін осы маңызды бастама қоғамдағы диалогты нығайтып, әділетті мемлекет қалыптастыруға үлес қосады».
Форумға құрылыс саласының мамандары, ұлттық компаниялардың өкілдері, жастар, медицина қызметкерлері, әуежай қызметкерлері, газ саласының мамандары, шығармашылық ұжымдар мен Ұлттық хореография академиясының өкілдері қатысты. Жалпы іс-шараға шамамен 1000 адам жиналды.

