«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Атырау өңірлік коалициясының мүшелері Берікқали Сәрсенғалиев, Сайполла Сапанов, Бекзат Есенғожин, Назерке Кусесова, Ғалымжан Өтебаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы, еңбек құқықтары, сондай-ақ отбасы және неке туралы нормалар жан-жақты түсіндірілді. Коалиция өкілдері жаңа құжатта адам еңбегінің қадір-қасиетін арттыру, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау және қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайту мәселелеріне ерекше мән берілгенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияда жұмысшылардың құқықтарына ерекше көңіл бөлінеді. Онда әр адамның белгіленген жұмыс уақыты болуы, демалыс күндерін пайдалануы және ақылы еңбек демалысына шығуы Конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл жұмысшыларды шектен тыс жұмыс істеуге мәжбүрлеу немесе ақысыз қосымша еңбекке тарту тәжірибесіне жол бермеу үшін маңызды. Яғни, еңбек ететін адамға демалуға, денсаулығына және отбасына уақыт бөлуге мүмкіндік болуы тиіс», – деді Бекзат Есенғожин.
Коалиция өкілі Назерке Кусесова кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті Конституциялық деңгейде бекітілгенін, бұл отбасылық жауапкершілік пен ұрпақтар арасындағы сыйластықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам екендігін атап өтті.
Кездесу барысында еңбек ұжымы цифрлық дәуірде жеке деректердің қорғалуы, азаматтардың құқықтары, еңбек демалысы және отбасы құндылықтарына қатысты өз сұрақтарын қойды. Коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, еңбек адамын қолдауға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған нормаларға кеңінен тоқталып, әрбір өзгерістің маңызын түсіндірді. Ашық форматта өткен пікір алмасу барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Коалиция мүшелері еңбек ұжымын 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты маңызды шешімге азаматтық жауапкершілікпен қарауға шақырды. Кездесу соңында еңбек ұжымы жаңа Конституция жобасының қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталғанын атап өтіп, референдумға қатысып, қолдау білдіруге дайын екендіктерін жеткізді.


