Қызылордада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін өңірлік коалиция мүшелері Ақжарма ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Басқосу барысында коалиция мүшелері алдағы референдумның маңызы, ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер және олардың елдің дамуына тигізер ықпалы туралы кеңінен ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуге коалиция өкілдері Гүлшат Мұсаева, Абайбек Жүнісов, Нұрлан Әмір, Дәурен Сейтжанов, Арайлым Байжігіт, Әліби Басаров және Берік Шайнұров қатысты.
Жиында сөз алған қалалық коалиция жетекшісінің орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева қазіргі кезеңдегі мемлекеттік басқарудың басты қағидаттарының бірі – адамға бағдарланған мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы дәл осы ұстанымды негізге алады.
«Құжатта адамның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекет қызметінің басты бағыты ретінде айқындалған. Бұл әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік қорғау жүйесін нығайтуға және баршаға тең мүмкіндік ұсынуға бағытталған маңызды қадам», – деді ол.
Коалиция мүшесі, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Жүнісов жаңа Конституция жобасында ауылдық аумақтардың дамуына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ ауылдағы әлеуметтік жағдайды жақсарту мәселелері негізгі басым бағыттардың қатарында қарастырылған.
Жалпы кездесуде тұрғындардың білім беру, медицина және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл өз кезегінде ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықты азайтып, өңірлердің теңгерімді дамуына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, аграрлық секторды қолдауға бағытталған жаңа құқықтық тетіктер енгізіліп, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына жағдай жасалатыны да атап өтілді.
Өз кезегінде коалиция өкілдері Нұрлан Әмір, Арайлым Байжігіт, Дәурен Сейтжанов және Әліби Басаров жаңа Конституция жобасы қоғамның барлық топтарының мүдделерін ескере отырып әзірленгенін айтып, оның қабылдануы ел дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатынын жеткізді.
Кездесу соңында тұрғындар өз ой-пікірлерін білдіріп, сауалдарына жауап алды. Коалиция өкілдері тұрғындарды ел болашағы үшін бірге дауыс беруге шақырды.