Шымкент қаласындағы Достық үйінде орналасқан №4 референдум учаскесінде ерекше атмосфера қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық мүшелері саяси науқанда азаматтық ұстанымын білдіруге келген тұрғындарды ұлттық дәстүрге сай шашу шашып, мерекелік көңіл-күймен қарсы алды.
Ұлттық салтпен өрілген бұл сәт референдумға келген азаматтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, маңызды күннің маңызын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді. Достық үйіне дауыс беруге келген тұрғындар мұндай жылы қарсы алуға ризашылықтарын білдіріп, ел болашағына қатысты таңдау жасау әр азамат үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
ҚХА белсенділері бұл күннің тарихи маңызына тоқталып, қоғам үшін маңызды шешім қабылданатын сәт ел жадында ерекше әсер қалдыруы тиіс екенін жеткізді. Олардың айтуынша, мұндай игі бастамалар азаматтардың бірлік пен ынтымаққа негізделген құндылықтарын нығайтып, қоғамдық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
