Шымкент қаласында республикалық референдум жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ел өміріндегі маңызды саяси науқан аясында Қазақстанның Халық әртісі, белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы №11 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Өнер иесі дауыс беру арқылы азаматтық ұстанымын білдіріп, ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір қазақстандық үшін мұндай маңызды саяси науқанға қатысу үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Оның айтуынша, референдум – халықтың мемлекет дамуына тікелей үлес қосатын маңызды демократиялық тетіктерінің бірі.
«Елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте әр азамат өз үнін білдіруі керек. Мұндай тарихи кезеңдерде халықтың бірлігі мен белсенділігі ерекше маңызға ие», – деді Майра Мұхамедқызы.
Белгілі өнер иесі дауыс беру учаскесіне келіп, барша қазақстандықтарды елдің дамуы мен келешегі үшін бейжай қалмай, азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырды.
Айта кетейік, бүгін Шымкент қаласында референдумға байланысты дауыс беру учаскелері таңғы уақыттан бастап жұмысын бастады. Қала тұрғындары кешкі уақытқа дейін саяси науқанға қатысып, өз таңдауларын жасайтын болады.
