Шымкент қаласында жалпыхалықтық референдум қарсаңында жаңа Конституция жобасын халыққа түсіндіруге бағытталған ақпараттық кездесулер жалғасуда. Осы мақсатта «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» қалалық коалициясының мүшелері Шымкент қаласындағы «Mediker» клиникасының ұжымымен кездесу өткізді.
Жиынның негізгі мақсаты – Конституцияның жаңа жобасында қарастырылған өзгерістер мен толықтыруларды медицина қызметкерлеріне таныстырып, алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызын түсіндіру болды.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, қалалық коалиция жетекшісінің орынбасары Ербол Байқонысов, «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Орынбасар Лештаев және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі Ардақ Монтаев қатысты.
Кездесуде коалиция мүшелері ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарына тоқталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Ербол Байқонысов өз сөзінде Конституция – мемлекеттің негізгі құқықтық тірегі екенін айтып, алдағы референдумның маңызына тоқталды.
«Ата заңдағы өзгерістер қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Сондықтан референдум – әрбір азаматтың ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауына мүмкіндік беретін маңызды саяси қадам», – деді ол.
Ал саясаттанушы Ардақ Монтаев Конституция жобасының саяси және қоғамдық маңызына тоқталды.
«Конституция – қоғамның дамуын айқындайтын басты құжат. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, құқықтық мемлекет қағидаттарын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, медицина саласының қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Ақ халатты абзал жандар негізінен медициналық қызмет көрсету жүйесі, әлеуметтік кепілдіктер және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері төңірегінде пікір білдірді.
