Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында жаңа Конституция жобасын талқылау аумақтың тұрақтылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және биліктің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан өрбіді. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері аудан активімен, еңбек ұжымдарымен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, Ата Заң нормаларының экономикалық тұрақтылыққа, әлеуметтік қызметтердің сапасына және азаматтардың басқару ісіне қатысуына ықпалын түсіндірді.
Смирново ауылында өткен ашық диалог қоғамның жоғары белсенділігін көрсетті. Білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және мәдениет саласының өкілдері мемлекет жауапкершілігі мен қабылданатын шешімдердің ашықтығы мәселелерін көтерді. Жалпыұлттық коалиция мүшесі, Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода реформаның мәні ұзақ мерзімді кепілдіктерді қалыптастыратынын атап өтті.
«Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаларын айқындайтын құжат. Биліктің жауапкершілігі мен азамат мүддесі нақты әрі айқын көрсетілген сайын, жүйенің тұрақтылығы да арта түседі. Аққайың ауданы үшін бұл аса өзекті, өйткені қабылданған әрбір шешім халықтың тұрмыс сапасына тікелей ықпал етеді», – деді ол.
«Элеватор Смирновский» ЖШС өндірістік алаңында өткен кездесуде экономикалық мәселелер талқыға салынды. Сыйымдылығы 100 мың тоннаға дейін жететін кәсіпорын ауданның аграрлық инфрақұрылымында маңызды рөл атқарады. Қызметкерлер экономикалық саясаттың сабақтастығы, еңбек құқығының қорғалуы және агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шаралары жөнінде сауалдар қойды. Коалиция өкілі Қайрат Пішенбаев ауылдық аумақтарда кәсіпкерлікке тең әрі түсінікті жағдай жасау заңнамалық тұрғыда бекітілуі тиіс екенін жеткізді.
«Ауыл шаруашылығы сенімге сүйеніп дамиды. Мемлекет тарапынан болашаққа деген айқын кепіл болмаса, инвестиция да, өндіріс те ілгерілемейді. Сондықтан конституциялық нормалар ірі кәсіпорындар үшін де, шағын фермерлер үшін де осы сенімді нығайтуы қажет. Бұл – экономикалық тұрақтылықтың берік негізі», – деді ол.
Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде әлеуметтік салаға басымдық берілді. Жалпыұлттық коалиция мүшесі Ольга Клишина әлеуметтік кепілдіктерді Конституция деңгейінде бекіту – мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтетінін айтты.
«Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау нормалары Ата Заңда бекітілсе, бұл мемлекеттік саясаттың сапасын жаңа деңгейге көтереді. Яғни, әлеуметтік саладағы шешімдер ең алдымен адамның мүддесіне сүйеніп қабылдануы тиіс», – деп атап өтті ол.
Отбасы саясаты мен демография мәселелері де назардан тыс қалмады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, коалиция өкілі Елена Семидоцких конституциялық өзгерістер отбасы институтын нығайтуға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға бағытталғанын жеткізді.
«Тұрақты даму берік отбасы мен әлеуметтік тұрғыдан қорғалған азамат болғанда ғана жүзеге асады. Сол себепті демография, аналарды қолдау және қоғамдағы тұрақтылық мәселелері заңнамалық тұрғыдан нақты бекітілуі қажет», – деді ол.
Полтавка ауылында тұрғындармен өткен кездесуде жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық бақылау және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы талқыланды. Коалиция мүшелері биліктің есептілігі мен ашықтығын нығайту мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыратынын атап өтті. Олардың айтуынша, шешім қабылдау тетіктері халыққа жақындаған сайын жауапкершілік те, басқару тиімділігі де жоғарылайды.
Аққайың ауданындағы кездесулер тұрғындардың конституциялық реформадан нақты әрі іске асатын шешімдер күтетінін көрсетті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер ауыл халқы үшін айрықша маңызды екені байқалды. Ашық пікір алмасу алаңы түрлі сала өкілдерінің көзқарасын ескеруге мүмкіндік беріп, жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндірумен қатар, тұрғындардың нақты сұраныстарын айқындауға жол ашты.


