Республикалық референдум қарсаңында Жалпыұлттық коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында Қостанайдағы автокөлік шығару және сату саласында жұмыс істейтін Allur компаниясының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Диалог алаңына 200-ден астам қызметкер жиналып, әр қатысушы өз сұрағын қоюға мүмкіндік алды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл Аққожина қатысып, заң жобасының негізгі ережелеріне жан-жақты тоқталжы және жұмысшылардың сұрақтарына жауап берді.
«Конституция – мемлекеттің іргетасы. Ұсынылып отырған өзгерістер әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың шешім қабылдау процесіне араласу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Әрбір қазақстандық реформалардың мәнін түсініп, саналы таңдау жасауы өте маңызды», – деп атап өтті Бибигүл Аққожина.
Сондай-ақ кездесуге Конституция жобасын түсіндіру жөніндегі өңірлік коалиция мүшесі Динара Өтебаева қатысты. Ол қоғамның белсенді азаматтық ұстанымының және алдағы өзгерістерді талқылау процесіне кеңінен қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Әлеуметтік-экономикалық даму, отандық өндірісті қолдау, еңбек құқықтарын қорғау және заңнаманы жетілдіру мәселелері көтерілді.
Компания қызметкерлері мұндай кездесулер құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың ақпараттану деңгейін арттыруға және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

