Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері елорданың Алматы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында еңбек ардагерлерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндірді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Татьяна Савельева, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Юсуп Келигов, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары кеңесінің мүшесі Елдос Абаканов, сондай-ақ Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек қатысты.
Кездесу барысында сөз сөйлеген Татьяна Савельева жаңа Конституция жобасы адам мен оның құқықтарының басымдығы қағидатын бекітетінін атап өтті.
«Жаңа Конституция ел дамуының жаңа қағидатын айқындайды, оның негізіне адамды қояды. Бұрын “адам мемлекет үшін” деген ұстаным жиі айтылса, бүгінде басымдық өзгерді – мемлекет адам үшін қызмет етеді. Алдыңғы Конституция саяси жүйе мен билік институттарының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Алайда қазір еліміз жаңа жағдайда өмір сүріп, жаңа сын-қатерлерге тап болып отыр. Мемлекеттің басты ресурсы – адамдар», – деді ол.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжаксынов ардагерлерге үн қатып, жаңа Негізгі заң жобасы халықтың тарихи еркіндік пен тәуелсіздікке деген ұмтылысын бейнелейтінін айтты.
«Ата-бабаларымыз еркіндік пен тәуелсіздік жолында қан төгіп, аянбай еңбек етті. Жаңа Конституция осы құндылықтарды – бостандықты, әділеттілікті және халықтың әл-ауқатын бекітеді. Ол әрбір азамат үшін және бүкіл елдің игілігі үшін жазылған», – деді ол.
Юсуп Келигов аға буынның тәуелсіздікті нығайтуға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға қосқан үлесін атап өтіп, жүргізіліп жатқан реформаларды қоғамдық қолдаудың маңыздылығын жеткізді.
«Сіздер тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына зор үлес қостыңыздар және бүгінгі таңда да жастарға патриотизм мен жауапкершілікті сіңіріп келесіздер. Жаңа Конституция жобасы – бұл заң мәтініндегі өзгерістер ғана емес, алдағы жылдарға арналған елдің стратегиялық дамуының берік іргетасы», – деді ол.
Айта кетейік, елорданың «Алматы» ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында бүгінде 19 000-нан астам зейнеткер тіркелген. Күн сайын Астана аудандарындағы осындай орталықтарға 3 000-нан астам адам келіп, спортпен, шығармашылықпен тегін айналысып, психологиялық қолдау алады.


