«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының өкілдері «Hilton Garden Inn Astana» қонақ үйінің ұжымымен кездесу өткізді.
Спикерлер жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және олардың қоғам үшін практикалық маңызын жан-жақты түсіндірді. Кездесу барысында қатысушылар ашық диалог форматында сұрақтар қойып, пікір алмасты.
«Мемлекеттің зайырлылық қағидаты қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Конституция барлық азаматтардың тең құқықтарын кепілдендіреді, кемсітушіліктің алдын алып, қоғамдық бірлікті нығайтады. Бұл өз кезегінде орнықты ұлттық бірегейліктің қалыптасуына негіз болады», – деп атап өтті Астана қаласы бойынша адам құқықтары жөніндегі өкілі Баян Жалмағанбетова.
Сондай-ақ құқықтық базаны жүйелі жаңарту азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге араласу аясын кеңейтуге берік негіз қалыптастырып, мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты дамытуға жағдай жасайтыны айтылды.
«Конституция өмірдің барлық саласында заң үстемдігін бекітеді. Онда азаматтардың жағдайын нашарлататын нормативтік актілерге кері күш беруге жол берілмейтіні нақты көрсетілген. Сонымен қатар кінәсіздік презумпциясы мен заң алдында баршаның теңдігі қағидаттары күшейтіледі. Бұл халықтың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған», – деп толықтырды «Қазақстан халық партиясы» ҚБ Астана қалалық филиалының белсендісі Нұржан Биякаев.
Кездесу соңында қонақ үй қызметкерлері жоба бойынша мазмұнды түсіндіру жұмысы үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жаңартылған Конституция нормаларын іске асыруда азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын және елдің тұрақтылығы мен орнықты дамуын нығайтудың өзектілігін атап өтті.
