Жаңа Конституция жобасындағы адам құқықтары мен бостандықтары мәселелері Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің Ордабасы ауданының тұрғындарымен өткен кездесуінің негізгі тақырыбына айналды. Аудандық мәдениет үйінде өткен, қоғамның түрлі әлеуметтік санатын біріктірген жиынға Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Ғани Раймбеков, Дулат Әбіш, саяси партиялардың өкілдері Бейбіт Биназаров, Әлиасқар Бердімұрат қатысты.
Кездесуде жаңа Ата заң жобасындағы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталады деп көрсетілгені және қолданыстағы Конституцияда басты субъект ретінде мемлекет ұғымы айқындалғаны айтылды.
Жиында сөз алған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш Конституцияның жаңа жобасында теңдік қағидаты күшейтіліп, азаматтардың тегі, жынысы, ұлты, діні, тілі немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан әр азаматтың заң алдындағы теңдігі нақты белгіленгеніне тоқталды.
«Бұл нормалар – қоғамның келісім мен өзара құрметке негізделетінінің белгісі. Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары басымдық ретінде бекітіп, Қазақстанның құқық үстемдігіне негізделген, заманауи және әділетті мемлекет ретінде дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады», - деді ол.
Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев мемлекет адам қадір-қасиетін қорғауды өзінің тікелей міндеті ретінде қабылдағанын жеткізді.
«Жаңа Конституцияның 1-бабында мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп нақты көрсетілген. Әр азаматтың бостандығы, өмір сүру құқығы, отандастарымыздың шет елдерде қорғалуы, сотқа жүгіну құқығы Конституцияның 12-20 баптары аралығындағы құқықтық нормалармен бекітілген. Ал, Ата заңның 21-бабында азаматтың жеке өміріне қол сұқпау мәселелері қарастырылған. Бұл баптарда адамның өз құқықтарын білуі, пайдалана алуы, заң алдындағы қорғауы сипатындағы нормалар қарастырылған. Конституция неке мен отбасын, ана мен әкені және баланы мемлекеттің қорғауында деп айқындады. Неке мен отбасыға қатысты конституциялық нормаларды азаматтар құқықтарын қорғаудың іргелі тірегі деп бағалауымызға болады», – деді жаңа Конституция нормалары туралы ақпарат берген Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Жалпыұлттық коалиция өкілдері аудан тұрғындарын республикалық референдумға қатысып, құқық пен заң үстемдігін қолдауға, әр азаматтың құқықтарын бекітетін нормаларды қорғауға шақырды.


