Петропавлда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының өкілдері «ViZaVi Company» ЖШС ұжымымен кездесті. Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы түсіндірілді.
Кәсіпорын қызметкерлері алдында Коалиция мүшелері Петр Шарапаев, Галина Семенова және Алтын Сагитова сөз сөйледі. Спикерлер билік тармақтарының тепе-теңдігі, өкілді органдардың рөлін күшейту және қоғамдық бақылау тетіктерін кеңейту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар конституциялық реформа мемлекеттік жүйені одан әрі жетілдіруге және оның тиімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
«Конституция – мемлекеттің өмір сүруі мен дамуын айқындайтын негізгі нормаларды белгілейтін құжат. Ұсынылып отырған өзгерістер билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, мемлекеттік құрылымдардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған», – деп атап өтті Петр Шарапаев.
Өз кезегінде Галина Семенова жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтты.
«Бүгін әрбір адам өз құқықтарының нақты қорғалатынын сезінуі маңызды. Қоғамдық бақылауды күшейту, өкілді билік институттарын дамыту және мемлекеттік органдардың ашықтығы басқару жүйесінің әділ әрі жауапты болуына негіз қалайды», – деді ол.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, негізгі заң жобасының жекелеген нормалары бойынша түсіндірме алды. Қатысушылар мұндай диалог алаңдары алдағы өзгерістердің мәнін объективті түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Өңірлік коалицияның жұмысы жалғасуда. Оның басты мақсаты – әрбір азаматтың конституциялық реформаның мәні туралы толық әрі сенімді ақпарат алуына жағдай жасау.
