Павлодарда өңірлік коалицияның фронт-офисінің конференц-залында қоғам өкілдерімен ашық диалог өтті. Кездесуге 200-ден астам адам – студенттер, коалиция мүшелері, академиялық қауымдастық өкілдері және Павлодар қаласының белсенді тұрғындары жиналды. Әңгіме мазмұнды, ашық әрі шынайы қызығушылықпен өтті. Коалиция мүшелері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жаркынбек Амантай, қоғам қайраткері Ислам Сункар және Торайғыров университетінің проректоры Салтанат Әубәкірова кездесу барысында жаңа Конституцияның білім беру мен шығармашылық еркіндікке қатысты негізгі нормаларына жан-жақты тоқталды.
Талқылаудың өзегінде – мемлекет мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беретін 33-бап болды. Бұл тек білімге қол жеткізу құқығы ғана емес, сонымен қатар адами капиталын дамыту бағытталған стратегиялық басымдық екені атап өтілді.
Сондай-ақ 23-бапқа ерекше назар аударылды. Аталған бапта сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілетіні, ал зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны көрсетілген. Спикерлер бұл нормалар ғылымның, білімнің және креативті индустриялардың дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыратынын, еркін ой мен авторлық құқықты қорғауға жағдай жасайтынын атап өтті.
Әрбір баяндамадан кейін залдан сұрақтар қойылып, қатысушылар өзекті мәселелерді ашық көтеріп, тікелей жауап алды.
Өңірлік коалиция төрағасы Илья Теренченко жаңартылған Конституцияның баптары адамға бағытталғанын және азаматтардың құқықтарын қорғауға негізделгенін атап өтті. Ол коалиция мүшелері жастармен бірге түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, шалғай ауылдарға барып, тұрғындармен кездесіп, диалог өткен әрбір елді мекенді картада белгілеп отырғанын айтты.
Қоғамдық бастама аясында референдумға ұлттық киіммен келу челленджі іске қосылды. Бұл – дәстүрге құрмет пен ел болашағына деген жауапкершіліктің символы.




