«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы мүшелерінің Тараз қаласындағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында» кездесуі өтті. Жиында жаңа Конституция жобасының басты өзегі – азаматтардың мүддесін қорғау және елдің ұзақмерзімді тұрақты дамуы екені айрықша атап өтілді.
Өңірлік коалиция мүшелері Б.Қыдырбаев, Э.Қойлыбаева және Г.Ешеева жаңа Ата заңда мемлекеттің бағыты, қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны және билік пен халық арасындағы қатынастың жаңа деңгейі айқын көрініс тапқанын тілге тиек етті.
«Бірлік пен ынтымақ, этносаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік іргетасы ретінде бекітілген. Өзге ұлт өкілдері көптеп қоныстанған Жамбыл облысы секілді өңір үшін бұл нормалардың маңызы зор. Бұл қоғамдағы татулық пен өзара сыйластықтың кездейсоқ құбылысы емес, заңмен қорғалатын ортақ құндылық екенін білдіреді», – деді өңірлік коалициясы мүшесі Б.Қыдырбаев.
Сондай-ақ басқосу барысында қолданыстағы Конституцияның кейінгі 30 жылда еліміздің қалыптасуы мен серпінді дамуына берік негіз болғаны да кеңінен сөз болды. Ал қазіргі кезеңде мемлекеттің құндылықтары мен басымдықтарын нақты айқындаудың маңызы зор. Өңірлік коалиция мүшелері жаңа Конституция преамбуласында негізгі құндылықтар бекітілгенін, соның ішінде білім, ғылым, мәдениет және инновациялар алғаш рет конституциялық деңгейде айқындалғанын жеткізді.
Кездесу соңында аталған орталық қызметкерлері көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, түсіндіру жұмысына қатысты ұсыныстарын білдірді. Өз кезегінде өңірлік коалиция мүшелері азаматтардың референдумға қатысуының маңызын баса айтып, еліміз үшін аса маңызға ие жоғары деңгейдегі шарадан шет қалмауға шақырды.
