Астанадағы «University Medical Center» (UMC) корпоративтік қоры ұжымымен Жаңа Конституция жобасының нормаларын түсіндіру аясында кездесу өтті.
Кездесу барысында қызметкерлерге жобаның негізгі баптары мен алдағы өзгерістердің басты бағыттары, сондай-ақ олардың әлеуметтік сала мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға әсері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Кездесуге «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық филиалының өкілі Айгерім Серікжанова және медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері, «University Medical Center» басқарма төрағасы Юрий Пя қатысты.
Айгерім Серікжанова өз сөзінде: «Жаңа Конституция әрбір азаматтың шешім қабылдауға белсенді қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін, әділетті әрі прогрессивті қоғам құруға бағытталған. Әсіресе реформалар денсаулық сақтау саласын қамтиды, бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігін және сапасын арттыруға мүмкіндік береді» деді.
Кездесу конструктивті атмосферада өтті, қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті, қызықтырған сұрақтарын қойды және конституциялық өзгерістердің әлеуметтік сала қызметкерлеріне практикалық әсерін талқылады.
Юрий Пя: «Конституциялық реформа бізге әлеуметтік сала қызметкерлерінің құқықтарын нығайтуға және медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Бұл өзгерістер біздің ұжымға өз жұмысын тиімді ұйымдастыруға және пациенттерге сапалы көмек көрсетуге жол ашады» деді.



