Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау ауылында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері мәдениет, мұнай-газ және денсаулық сақтау саласының еңбек ұжымдарымен кездесті. Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасындағы азаматтардың құқығын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді нақтылау және кәсіби еркіндікті қамтамасыз ету ісіне қатысты жаңашылдықтарды түсіндірді.
Мәселен, Ш. Шәріпов атындағы балалар саз мектебінде мәдениет және өнер саласының өкілдерімен өткен кездесуде шығармашылық еркіндік, тарихи мұраны және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері талқыланды. Коалиция мүшесі, партия ардагері Бақберген Қарабаев Конституция жобасында мәдениет, білім және ғылым салалары ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғанын атап өтті.
«Құжатта сөз бостандығына, ғылыми және көркем шығармашылық еркіндігіне тікелей кепілдік берілді. Бұл – мәдениет пен өнер саласында еңбек ететін азаматтар үшін нақты құқықтық қорған. Сонымен бірге, еркіндік жауапкершілікпен ұштасуға тиіс. Өзге адамдардың құқығы мен қоғам мүддесіне нұқсан келтірмеу қағидаты сақталады. Конституция жобасы тарихи-мәдени мұраны қорғауды мемлекет пен азаматтардың ортақ міндеті ретінде бекітеді. Бұл музей, архив, кітапхана және өзге де мәдени институттардың жұмысына жүйелі қолдау көрсетуге құқықтық негіз қалыптастырады. Яғни мәдениет саласы тек рухани бағыт қана емес, мемлекет дамуының маңызды тірегіне айналады», – деді ол.
«Жайықмұнайгаз» өндірістік бөлімшесінде жұмысшылармен өткен кездесуде еңбек қауіпсіздігі, әділ еңбекақы және әлеуметтік тұрғыда қорғау тақырыптары қозғалды. Коалиция мүшесі Нұрлан Қайреденов жаңа Конституцияда еңбекке қатысты нормалар нақты әрі түсінікті жазылғанын атап өтті.
«Әр азамат мамандығын еркін таңдай алады және қауіпсіз ортада еңбек етуге құқылы. Бұл норма жұмысшылардың құқығын қорғауға бағытталған», – деді ол.
Исатай аудандық орталық ауруханасында медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде саланың тұрақтылығы мен мамандардың құқықтық тұрғыда қорғалуы талқыланды. Коалиция мүшесі Нұртас Байжанов денсаулық сақтау жүйесіне қатысты нормалардың маңызын атап өтті.
«Конституциялық деңгейде медицина қызметкерлерінің қауіпсіз әрі санитарлық талаптарға сай жағдайда жұмыс істеу құқығы бекітіледі. Бұл олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған нақты құқықтық негіз. Мемлекет ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге міндетті. Кәсіби тәуекелдерді азайту, заманауи талаптарға сай еңбек жағдайын жасау – осы нормалардың басты мақсаты. Бұл медицина мамандарының мәртебесін арттыруға және қоғам алдындағы жауапкершілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Аққыстауда өткен түсіндіру жұмысы жаңа Конституция жобасының қоғамның барлық саласына тікелей қатыс бар екенін көрсетті. Осылайша, коалиция мүшелері мәдениет, өндіріс және медицина салаларының өкілдері ұсынылған нормалар азаматтардың құқығын қорғауға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ел дамуына серпін беруге бағытталғанын атап өтті.



