Жаңа Конституциядағы азаматтардың еңбек құқықтарына қатысты мәселелер «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдерінің Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы «Темірлан абаттандыру» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының еңбек ұжымымен өткен кездесуінде талқыланды.
Кездесуде жаңа Конституцияда азаматтардың еңбек қатынастары саласындағы құқықтарын нығайтуға бағытталған өзгерістер жайлы мағлұмат беріліп, бұл құқықтық нормалар халықаралық стандарттарға сәйкес еңбек адамдарының мүддесін қорғау, жұмысшылардың қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуіне жағдай жасау және лайықты еңбекақы алуына ең жоғары заңдық кепілдік беру міндеттерін көздейтіні айтылды.
«Азаматтардың еңбек ету, олардың қауіпсіз жұмыс орнымен қамтылуы және әділ төлемақы құқығына ие болуы енді Еңбек кодексінің талабымен ғана емес, Ата заңмен қорғалатын ең жоғарғы құқық болып табылады. «Еңбек құқығы» ұғымының конституциялық деңгейде айқындалуы – мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін күшейтіп отыр. Бұл норма әрбір азаматтың жұмыспен қамтылуына тең мүмкіндік беруді, еңбек саласында кемсітушілікке жол бермеуді және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттің нақты міндеттерін көздейді», – деді жұмысшылармен кездесуде Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев.
Еңбек қатынастары саласын реттейтін жаңа конституциялық нормалар туралы Парламент Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек қосымша ақпарат беріп, бұл талаптар Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге толық сәйкес келетінін айтты. Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жаңа Конституцияда миллиондаған отандасымыздың үміті мен сенімі ұялағанын жеткізіп, біз қабылдайтын Ата заң – азаматтар арқа сүйейтін мемлекет құруды, көпшілікке қорған болатын заң қабылдауды және адамның абыройы мен ар-ожданы бәрінен биік тұратын қоғам болуды мақсат тұтатынын мәлімдеді.
Жұмысшылар еңбек адамдарының мүддесі мен құқығын қорғау тетіктерін нақты қарастырған Конституция жобасына қолдауын білдіріп, алдағы референдумда Әділетті қоғам құруды жақтап өз таңдауларын жасайтындарын айтты.
