5 наурыз күні «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық филиалының мүшелері медицина саласын цифрландыру бағытында жұмыс істейтін Digital Med 365 компаниясының қызметкерлерімен Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өткізді.
Іс-шара барысында құжаттағы еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерге қатысты негізгі нормалар кеңінен талқыланды. Конституция жобасында еңбек құқықтары 27-бапта бекітілген. Бұрынғы «еңбек ету бостандығы» ұғымының орнына «еңбек ету құқығы» деп нақты жазылуы азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтетін маңызды өзгеріс ретінде бағаланды.
«Еңбек құқығының Конституцияда нақты бекітілуі азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейтеді. Сонымен қатар қоғамда талқыланған “жыл сайынғы” сөзіне қатысты өзгеріс демалыстың жойылуын білдірмейді. Демалыстың нақты ұзақтығы мен берілу тәртібі Еңбек кодексімен реттеледі», – деді Serpin-Expo компаниясының директоры Даулет Тәңірберген.
Кездесуге Астана қалалық мәслихатының депутаты Динара Уразалина, Serpin-Expo компаниясының директоры әрі медиаменеджер Даулет Тәңірберген, сондай-ақ «Бурмистр» компаниясының басшысы Чинара Мамбеталиева қатысты.
Талқылау барысында азаматтардың қауіпсіз еңбек жағдайына, әділ еңбекақы алуға, жұмыссыздықтан қорғануға және еңбек дауларын шешуге құқықтары Конституция деңгейінде бекітілетіні атап өтілді. Сонымен қатар әр азаматтың тынығу құқығы заңмен кепілдендірілген әлеуметтік құқық ретінде қарастырылатыны айтылды.
«Білім мен медицина салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер сақталады. Сондай-ақ осы салалардағы “тегін” қағидасы да өзгеріссіз қалады. Жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын басым бағыт ретінде айқындап, Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі қағидаттарын нығайтады», – деді Астана қалалық мәслихатының депутаты Динара Уразалина.
Жаңа Конституция жобасы азаматтардың еңбек құқықтарын нақтылап, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуді көздейді. Құжатта еңбек ету, қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ еңбекақы және тынығу құқығы сияқты негізгі әлеуметтік нормалар айқын бекітілген. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер азаматтардың құқықтық қорғалуын нығайтып, Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі қағидаттарын одан әрі күшейте түседі.
