Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесті. Оның барысында Конституциядағы еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарына баса назар аударылды.
Коалиция мүшелері «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ ұжымымен жүздесіп, жаңа Конституцияға заман талабына, қоғамдық-саяси жаңғыртуға негізделген өзгерістер енгізілгенін жеткізді.
Өз кезегінде, Коалиция мүшесі Орынбасар Тоғжанов жаңа құжатта жұмысшыларды лайықты еңбек жағдайымен қамтамасыз етуге және әлеуметтік қолдау көрсетуге кепілдік берілгенін атап өтті.
Ал Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының қызметкерлерімен кездесу барысында Коалиция мүшесі Сембіғали Зәкенов Конституция жобасының мазмұнын түсіндіріп, әлеуметтік салаларға берілген кепілдіктерге назар аударды.
«Жаңа Ата Заңға сәйкес, медицина қызметкерлері конституциялық деңгейде қорғалады. Бұл туралы 27-бапта қауіпсіз және санитарлық-гигиеналық нормаларға сай келетін еңбек жағдайын жасауға кепілдік берілген. Медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын жан-жақты қорғау, кәсіби тәуекелдерді жүйелі түрде анықтау және оны азайту қадамдары басты міндеттердің бірі болмақ», – деді Сембіғали Зәкенов.
Батыр ауылындағы №20 мектеп ұжымымен кездесуде жаңа Ата Заң жобасында азаматтардың шығармашылық қабілетін дамытуға еркіндік беріліп, ол конституциялық деңгейде бекітілгені айтылды. Сонымен қатар білім беріп, ұрпақ тәрбиелеп жүрген ұстаздар қауымының ерен еңбегіне тиісті кепілдіктер берілгеніне де назар аударылды.
«Жаңа құжаттың преамбуласында білім, ғылым және инновациялар Конституцияның басты идеясы ретінде бекітіліп, алғаш рет жоғары мәртебе берілді. Бұл қадам – жастардың өз қабілетін жан-жақты дамытуының кепілі», – деді Коалиция мүшесі Киікбай Ешманов.
Осылайша, Коалиция мүшелері Мұнайлы ауданының еңбек ұжымдарына Конституциялық реформа туралы егжей-тегжейлі мәлімет ұсынып, азаматтарды толғандырған сұрақтарға нақты жауап берді. Ал аудан тұрғындары жаңа Конституция қоғам өмірін жаңа арнаға бұратынын айтып, оған жан-жақты үлес қосу – әр отандасымыздың азаматтық парызы екенін мәлімдеді.


