Астана қалалық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері ҚР Энергетика министрлігі ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шараға коалиция мүшелері Марат Башимов, Венера Жексембекова және Рауан Қалиев қатысты. Кездесуге министрлік қызметкерлері белсенді түрде қатысып, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен оның ел дамуына әсері жөнінде пікір алмасты.
Парламент мәжілісінің депутаты Марат Башимов өз сөзінде жаңа Конституцияның стратегиялық маңыздылығын атап өтті. «Бүгінгі таңда еліміз заң үстемдігін одан әрі нығайту мен азаматтардың құқықтарын қорғайтын тиімді жүйені қалыптастыру кезеңінде тұр. Жаңа Конституция жобасы – тек заңдық құжат қана емес, қоғамдағы әділеттілік пен теңдікті нығайтуға арналған құрал. Біз реформаларды енгізу арқылы басқару жүйесін жетілдіріп, әр азаматтың дауыс беру құқығын қорғауды басты мақсат етіп қойдық», - деді ол.
Коалиция мүшесі Венера Жексембекова қатысушыларға жобаның ашықтығы мен қоғам үшін маңыздылығын жеткізді.
«Әрбір азамат өз ой-пікірін білдіре алуы керек. Сол үшін біз мұндай кездесулер өткізіп, реформалардың мәнін түсіндіреміз. Тек қана заңды қабылдау емес, оны халық түсініп, қолдау көрсетуі маңызды. Бүгінгі пікір алмасу да дәл сол мақсатқа бағытталған. Біз сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге және ойларыңызды тыңдауға дайынбыз», -деді ол.
Рауан Қалиев жаңа Конституцияның қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз ету рөлін атап өтті. «Жаңа Конституция әрбір адамның тең құқығын заң алдында нақты бекітеді. Ол азаматтар үшін сенімді қорғаныс болады және әрқайсысымыздың құқықтарымыз мен міндеттерімізді айқын көрсетеді. Біз заңның қоғамдағы орны мен маңызын арттыруға ұмтылудамыз. Бүгінгі кездесуде ұсынылған пікірлер мен ұсыныстар жобаны жетілдіруде маңызды рөл атқарады», - деді.
Кездесу барысында министрлік қызметкерлері өз сұрақтарын қойып, Конституциядағы өзгерістердің нақты өмірге әсерін талқылады. Іс-шара ашық әрі сындарлы форматта өтті. Қатысушылар жаңа Конституция жобасының елдің дамуына, қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге және заң үстемдігін нығайтуға қосатын үлесі туралы өз ойларын білдірді.


