Петропавл қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» өңірлік коалициясының мүшелері №31 толық емес орта мектептің педагогтарымен кездесті. Кездесу барысында білім берудің кемел қоғам қалыптастырудағы рөлі және ағарту жүйесі үшін конституциялық кепілдіктердің маңызы талқыланды.
Ұжым алдында Коалиция мүшелері Ольга Клишина, Иманғали Тәттібаев және Жанат Жұмабек сөз сөйледі. Талқылаудың өзегіне білім сапасын қамтамасыз ету, педагогтерді қолдау және адами капиталды дамыту мәселелері шықты. Ольга Клишина білім беру басымдығын Негізгі заң деңгейінде бекіту ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын айқындайтынын атап өтті.
«Конституциялық нормалар бүкіл мемлекеттік саясатқа бағыт-бағдар береді. Егер білім стратегиялық басымдық ретінде айқындалса, бұл педагогтерді жүйелі қолдауды, оқу бағдарламаларын жаңғыртуды және балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктер қалыптастыруды білдіреді», – деді ол.
Жанат Жұмабек өз сөзінде педагогикалық қауымдастық үшін тек стратегиялық ұстанымдар ғана емес, күнделікті жұмыстағы тұрақтылық пен қорғалу сезімі де аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі мектеп тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігі мен құқықтық мәдениетін қалыптастыратын маңызды тәрбие алаңы болып отыр.
«Білім саласындағы кепілдіктердің Негізгі заң деңгейінде бекітілуі мұғалімдер мен ата-аналар үшін принципті мәнге ие. Педагогтер құқықтық ортаның тұрақтылығын сезінуі тиіс. Әлеуметтік кепілдіктер мен білім жүйесін қолдау конституциялық деңгейде бекітілсе, бұл ертеңгі күнге деген сенімді нығайтады», – деп атап өтті ол.
Диалог барысында мектеп ұжымы мұғалім мәртебесі, инфрақұрылымды жаңарту және тәрбиелік жұмыстың қоғамдағы рөлі туралы мәселелерді көтерді. Педагогтердің 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысып, конституциялық өзгерістерді қолдауға шақырды.