Маңғыстау облысы Ақтау қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері «Қазақтелеком» АҚ филиалының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында конституциялық деңгейде кепілдік берілген әділетті Қазақстан, заң және тәртіп қағидаттары сөз болды.
Конституциялық комиссияның мүшесі Жаңбырбай Матаев сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасында мемлекеттің адам құқығын сақтау үшін барлық салада кепіл болатынын атап өтті. Сонымен қатар жұмысшылардың құқығы, еңбек жағдайы заңмен қорғалатыны және адамның жеке қабілетінің дамуына жасалатын қамқорлықтар туралы баяндалды.
«Жаңа Конституция бойынша мемлекет табиғи байлықтарға емес, адами капиталға және олардың жетістіктеріне сүйенеді. Сондықтан білім, ғылым және инновациялар құжаттың басты идеясына айналды», – деді өңірлік коалиция төрағасы Нұрбек Қарасаев.
Өңірлік коалиция өкілдерімен кездесуде байланыс саласының қызметкерлеріне жаңа Конституция бойынша әр азамат үшін қажетті ақпараттар берілді. Заң нормаларының адам құқығын жоғары деңгейде қорғау үшін қайта қаралуы қызметкерлер тарапынан қолдау тапты.
Айта кетейік, жақында «Қазақтелеком» АҚ филиалының ұжымы Конституциялық референдумды қолдаған бейнежазбасын жариялаған болатын. Бұл ұжымның ұйымшылдығын, тарихи шешімді ел болып бірге қабылдауға деген ниетін көрсетті.

