Бұл туралы партияаралық диалогта Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ айтты. Оның сөзінше, мұндай қадам елдің қаржы-экономикалық Егемендігін нығайтып, ұлттық валютаның тек заңды төлем құралы ғана емес, мемлекет Тәуелсіздігінің тірегі қатарында екенін айқындайды.
«Теңгенің Ата Заңда тайға таңба басқандай көрсетілуі – оның құқықтық мәртебесін түбегейлі бекіту деген сөз. Жаңа редакцияда теңгенің Қазақстан аумағындағы жалғыз заңды төлем құралы екені нақты бекітілді. Бұл норма қандай да бір басқа немесе «ортақ валюта» енгізу туралы қауесеттерге құқықтық тұрғыдан нақты тосқауыл қойылатынын білдіреді», – деді ол.
Халық қалаулысы теңгенің енгізілу тарихына тоқталды. Ол теңгенің 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілгені атап өтіп, осы тарихи қадам Қазақстанға өз ақша-несие саясатын дербес жүргізуге, инфляцияны бақылауға және қаржы жүйесін тұрақтандыруға мүмкіндік бергенін айтты.
Сонымен қатар ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеті уәкілетті мемлекеттік органға жүктеледі. Бұл банк жүйесінің сенімділігін арттыру, халықаралық резервтерді тиімді басқару, инфляцияны бақылау және қаржы жүйесінің орнықтылығын сақтау арқылы жүзеге асады. Мұндай тәсіл экономикалық қауіпсіздікке және инвестициялық ахуалға оң әсер етеді.
Сөз соңында спикер ұлттық валютаның мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту халықаралық тәжірибеде де бар екенін айта кетіп, Қырғызстан мен Әзербайжанды мысалға келтірді.
Осылайша жаңа Конституция жобасындағы бұл норма экономикалық тәуелсіздікті күшейтіп, қаржы жүйесінің тұрақтылығын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.