Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелерімен бірге Қостанай облысына барып, өңір жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді.
Мемлекеттік кеңесшімен бірге өңірге Жалпыұлттық коалицияның мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары – Снежанна Имашева, Еркін Әбіл, Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева, продюсер Алмас Жали, Uni-Q Group медиахолдингінің бас директоры Мұхамедқали Тауан барды.
Өңірге сапар этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесуден басталды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар мүдделер теңгерімін, ынтымақтастықты, өзара құрметті және ел болашағына ортақ жауапкершілік құндылықтарын бекітетін қоғамдық келісім екенін атап өтті. Ол «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты қоғамның тұтастығын нығайтатынын мәлімдеді.
Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Еркін Әбіл институционалдық жаңғырту тетіктері және дербестікті қорғау мәселелері туралы айтып, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын күшейтетінін, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың әлеуметтік әділетті моделін қалыптастыратынын жеткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен этномәдени бірлестіктердің өкілдері Халық Кеңесінің этносаралық және конфессияаралық диалог алаңы, тең мүмкіндіктерді қолдау және қоғамдық келісімді нығайту құралы ретіндегі рөлін атап өтті.
Сапар барысындағы басты оқиға – облыс активімен кездесу. Іс-шараға шамамен 300 адам – қоғам қайраткерлері, диқандар, өнеркәсіп саласының мамандары, әлеуметтік сала қызметкерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, спортшылар, сондай-ақ жастар қауымы қатысты.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституция жобасын әзірлеу барысына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, референдум Жаңа Конституция жобасын жарты жылдан астам уақыт бойы кең көлемде қоғамдық талқылаудың заңды қорытындысына айналады. Жаңа Ата Заң мемлекет пен қоғамның өзара тиімді іс-қимылына негізделген мемлекеттік-саяси құрылыстың заманауи әрі серпінді моделіне түбегейлі көшуді білдіреді.
Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Айдарбек Қожаназаров жоба азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтетінін, билік институттарының өкілеттіктері мен жауапкершілігі арасындағы тепе-теңдікті бекітетінін, сондай-ақ экономиканы, инновацияларды дамытуға және инвестициялар тартуға жағдай жасайтынын атап өтті.
Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко еңбек, білім, ғылым және инновация құндылықтарының бекітілуі жастардың кәсіби тұрғыда өсуіне және заманауи экономиканың дамуына қажет берік негіз қалайтынын мәлімдеді.
Сапар барысында делегация «Agromash» және «Allur» зауыттарының жас мамандарымен кездесті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин адами капиталдың, білімнің, ғылымның және азаматтардың еңбектегі жетістіктерінің басымдығына тоқталды. Коалиция мүшелері жоба әлеуметтік әділдікті күшейтуге, жұмыспен қамтуды қолдауға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталғанын айтты. Жас мамандар Конституцияны салаға қажет тұрақты жағдайды қалыптастыратын әрі кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік беретін құрал ретінде бағалайтындарын жеткізді.
Өңірде креативті жастардың өкілдерімен де кездесу өтті. Спикерлер білім, ғылым, мәдениет және инновацияларды мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекіту, сондай-ақ зияткерлік меншікті құқықтық тұрғыда қорғау мәселелерін талқылады. Бұл креативті сектордың дамуына және азаматтардың өзін-өзі танытуына жағдай жасайды.
Жалпы алғанда, өңірдегі сапар аясындағы кездесулер Жаңа Конституция жобасына кең қолдау көрсетіліп жатқанын және қоғамның 2026 жылы 15 наурызда өтетін референдумға қатысуға деген жоғары қызығушылығы бар екенін көрсетті. Қатысушылар құжат азаматтардың сұранысын ескеретінін, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтатынын, азаматтардың тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік әділдік пен мемлекеттің тұрақты дамуына қажет жағдай жасайтынын атап өтті.
Қостанай облысының жұртшылығы Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам ретінде Жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.





