Облыс әкімі Кұмар Ақсақалов «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері – ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сергей Карплюк және Бибігүл Аққожина, Конституциялық комиссия мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов, колледж директоры Дмитрий Павленко, облыстық мәслихат депутаты Серік Манасбаев, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедовпен бірлесіп KIA зауытының еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің негізгі ережелері мен олардың елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы жан-жақты түсіндірілді. Әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Кездесуді ашқан Кұмар Ақсақалов алдағы реформалар тиімді әрі теңгерімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және өңірлердің тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған конституциялық нормалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағдарланған жүйелі өзгерістерге берік құқықтық негіз болады.
Өз кезегінде Сенат депутаты Бибігүл Аққожина қоғаммен ашық диалог орнатудың және еңбек ұжымдарының стратегиялық маңызы бар бастамаларды талқылауға белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды. Ол белсенді азаматтық ұстаным демократиялық қағидаттарды нығайтып, жауапты азаматтық қоғам қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов жүргізіліп жатқан реформалар қоғамның жаңару мен әділеттілікке деген сұранысын айқын көрсететінін жеткізді:
«Бүгін кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықпен тікелей диалог орнату аса маңызды. Конституциялық өзгерістер әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың қоғамдық өмірдегі рөлін арттыруға және мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған», – деп атап өтті ол.
Кездесу сындарлы әрі іскерлік жағдайда өтіп, еңбек ұжымдарының жүргізіліп жатқан өзгерістерге қызығушылық танытып, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды дамытуға белсенді атсалысуға дайын екенін көрсетті.


