Қостанай облысында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин және «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің өңір жұртшылығымен кездесуі өтті.
Талқылауға 300-ге жуық адам – қоғам қайраткерлері, аграрлық және өнеркәсіп секторларының, әлеуметтік саланың мамандары, ғылым, зиялы қауым, спорт саласының өкілдері мен жастар қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы жаңа Конституция жобасы және алдағы республикалық референдум болды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысының негізгі кезеңдеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, референдум жарты жылдан астам уақыт бойы жүргізілген кең қоғамдық талқылаудың қисынды қорытындысы. Мемлекеттік кеңесші құжатты 130 адамнан құралған комиссия ашық форматта әзірлегенін және барлық отырыс онлайн-трансляция арқылы көрсетілгенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Ата Заң жобасында азаматтардың e-Otinish және eGov арқылы жолдаған көптеген ұсыныстары ескерілді.
Конституцияның маңызы туралы айта келе, Мемлекеттік кеңесші:
«Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен қоғамның тиімді өзара іс-қимылына негізделген мемлекеттік-саяси құрылымның неғұрлым серпінді және заманауи моделіне түпкілікті көшуге бағытталған.
Жобаның новеллалары, оның ішінде цифрландыруды, адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуға басымдық берілуі жаңа Конституцияның заманауи сипатын, оның уақыт талабы мен қоғам сұранысына толық сай келетінін көрсетеді».
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау жүйесі едәуір күшейтілгенін атап өтті. Соның ішінде цифрлық ортада дербес деректерді қорғауға ерекше мән берілді. Сондай-ақ неке институтын нығайтуға және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған нормаларға айрықша назар аударылды.
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл жобада мемлекеттіліктің негізі – елдің Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлы сипаты мен аумақтық тұтастығы бекітілгенін атап өтті. Бұдан басқа жер мен табиғи ресурстардың Қазақстан халқына тиесілі екені туралы ереже ұлттық байлықты әділ бөлу қағидатын күшейтеді және оларды пайдалану кезінде қоғамдық мүдденің басымдығын бекітеді.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, жаңа Конституция заман талабына сай саяси және қоғамдық өмірдің жаңа стандарттарын қалыптастырады. Оның айтуынша, жобаның новеллалары биліктің негізгі институттары арасындағы өкілеттік пен жауапкершіліктің теңгерімді жүйесін бекітеді. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында инновациялық технологияларды белсенді енгізуге, инвестицияларды кеңінен тартуға, отандық бизнесті жүйелі қолдауға негізделген ұлттық экономиканың серпінді дамуына құқықтық негіз қаланды.
Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко жаңа Ата Заң жобасында еңбек, білім, ғылым және инновация құндылықтарын дәріптеуге ерекше назар аударылғанын атап өтті. Оның пікірінше, конституциялық деңгейде стратегиялық бағдарды бекіту қазіргі экономиканың дамуына берік негіз қалыптастырады.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, жаңа Конституция жобасы қоғамның өзекті сұранысына жауап беріп, азаматтардың тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік кепілдікті нығайтуға және елдің тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Кездесу қорытындысы бойынша Қостанай облысының жұртшылығы Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам ретінде жаңа Конституция жобасына және алдағы референдумға қолдау білдірді.



