«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» коалициясының Солтүстік Қазақстан облысындағы мүшелері «СевҚазЭнерго» АҚ қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиында жаңа Конституция жобасы талқыланды. «СевКазЭнерго» АҚ – Солтүстік Қазақстан облысының энергиямен үздіксіз қамтамасыз етілуін және инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін маңызды кәсіпорын.
Кездесуде сөз сөйлеген Арман Бердағұлов пен Рашбиль Евдаев конституциялық өзгерістердің экономиканың стратегиялық салалары үшін қаншалықты маңызды екенін, еңбек адамының құқықтарын қорғау және өңірдің орнықты дамуына әсерін атап өтті. Қатысушылар энергетиканың өнеркәсіп пен әлеуметтік сала үшін негізгі тірек екенін, сондықтан құқықтық жүйенің тұрақтылығы бұл саланың дамуына айрықша ықпал ететінін айтты.
Кездесу барысында «СевКазЭнерго» АҚ қызметкерлері өздерін толғандырған әлеуметтік қорғалу, еңбек жағдайлары және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, кәсіподақтардың атқаратын рөл мен жұмысшылардың құқықтарын қорғау тетіктеріне де ерекше назар аударылды.
Осы ретте, Рашбиль Евдаев еңбек кепілдіктерін негізгі заң деңгейінде бекітудің маңыздылығын айтты. «Энергетика саласының қызметкерлері үшін нақты құқықтық қорғауды сезіну аса маңызды. Қауіпсіз еңбек жағдайы, лайықты еңбек ақысы және әлеуметтік кепілдіктер – бұл тек жұмыс берушінің міндеттемесі ғана емес, берік конституциялық негізге ие болуы тиіс ізгі қағидаттар. Бұл сенімді нығайтып, бүкіл жүйенің тұрақтылығын қалыптастырады», – деді ол.
Қатысушылар Конституция жобасын нақты сала өкілдерімен талқылаудың реформаның практикалық маңыздылығын, оның жұмыс орындарына, инвестицияларға және жалпы өмір сапасына ықпалын айқын көрсеткенін атап өтті.

