«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция мүшелері – Гүлнафис Танбаева, Балжан Досмұхамбетова, Рафик Сәрсенов және Абылай Құрметұлы Атырау қаласындағы Атырау селолық округінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасындағы маңызды өзгерістерді, атап айтқанда зейнетақымен қамтамасыз ету, медициналық көмек алу, денсаулықты қорғау құқығы, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау және ата-аналарды қорғау нормаларын түсіндірді.
Жаңа Конституция әрбір азаматқа ең төменгі зейнетақы мөлшерін, жасына, ауруына немесе мүгедектігіне байланысты әлеуметтік қамсыздандыруды нақты қамтамасыз етеді. Мемлекет әлеуметтік қорғауды дамытуға жәрдемдесіп, егде жастағы адамдар үшін қосымша «қауіпсіздік жастығын» қалыптастырады.
Сонымен қатар медициналық қызмет алу құқығы нақты көрсетілген: азаматтар өз қаражаты есебінен медициналық көмек үшін төлемейді, барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады.
«Жобаға сәйкес, мемлекеттің ең жоғары құндылықтары – адам және оның өмірі. Азаматтардың денсаулығын қорғау және заңмен белгіленген көлемде медициналық көмек алу – мемлекеттің конституциялық міндеті», – деді Гүлнафис Танбаева.
Жаңа Конституция неке институтын қорғауды, оны ерлер мен әйелдердің ерікті және тең құқылы одағы ретінде бекітеді. Сондай-ақ, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар өз ата-аналарына қамқорлық жасауға міндетті екенін Конституцияда нақтылау – бұл ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық ынтымақтастықты күшейтеді.
Кездесу соңында коалиция мүшелері 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды. Ауыл тұрғындары жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын жеткізді.
