«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері «Астана Әлеуметтік технологиялар» қоғамдық бірлестігі қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Қоғамдық бірлестік 1-топ және 2-топ мүгедектігі бар, соның ішінде тірек-қимыл аппараты мен психоневрологиялық бұзылыстары бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысады. Қазіргі таңда ұйымда 30 қызметкер жұмыс істеп, 310 адамға әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен мәні түсіндірілді.
«Қазір Қазақстан тарихи кезеңде тұр. Жаңа Конституция Мемлекет басшысының жүйелі реформаларының бірі болып табылады. Бұл халық пен өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан маңызды құжат. Жаңа Конституцияда тегін медициналық қызмет алу, орта білім алу және басқа да әлеуметтік құқықтар қамтамасыз етіледі. 15 наурызда өтетін референдум халықтық сипатқа ие. Жаңадан құрылатын Халық кеңесі билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналады. Баршаңызды референдумға қатысып, халықтың және балаларымыздың болашағы үшін дауыс беруге шақырамын», – деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
«Біз бір Отан, бір Қазақстан үшін бірігеміз. Менің белсенділігіме себепкер болған – менің ерекше балам. Барлық азаматтардың күнделікті көріп жүрген қиындықтарын мен де білемін. Астанада болып жатқан өзгерістерге атсалысуға тырысамын. Ертеңгі күні біздің балаларымыз қандай елде өмір сүретінін бүгінгі қадамдарымыз анықтайды. Сондықтан әрқайсыңызды 15 наурыз күні отбасыларыңызбен бірге референдумға қатысуға шақырамын. Әр дауыс – біздің болашағымыз. Қазақстанымыз гүлденсін», – деді Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Назгүл Мақжанова.
Кездесуге сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеев, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов қатысты.