Шымкент қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орнында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – жаңа Конституция жобасын таныстырып, алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызын түсіндіру.
Кездесуге коалиция мүшелері «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі Еркебұлан Құлбасов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық коалиция жетекшісі Мұрат Жолдыхожаев, қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Шымкент қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев және Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы Асылбек Әлиев қатысты.
Басқосу барысында коалиция мүшелері Конституция жобасында көзделген өзгерістердің мазмұнына тоқталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Мұрат Жолдыхожаев өз сөзінде Конституциялық реформалардың қоғам өміріне тікелей ықпал ететінін айтты.
«Конституция – ел дамуының негізгі бағдары. Ұсынылып отырған өзгерістер басқару жүйесін тиімді етіп, азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтеді. Сондықтан референдумға белсенді қатысу – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз», – деді ол.
Ал Бауыржан Әлтеев еңбек адамдарының және жастардың белсенділігінің маңызын ерекше атап өтті.
«Қандай салада еңбек етсек те, еліміздің болашағына бейжай қарамауымыз керек. Әр дауыс – тұрақты әрі әділетті қоғам құру жолындағы нақты қадам», – деді ол.
Кездесу ашық форматта өтті. Оқытушылар мен курсанттар өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Қатысушылар Конституция жобасының мазмұнына қатысты жан-жақты ақпарат алып, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырылды.

