Өңірлік коалиция мүшелері Яна Лукпанова мен Айгүл Туркина Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, жаңа Конституция жобасының мазмұны мен оның қоғам үшін маңызы талқыланды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары таныстырылып, құжатта көзделген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және елдің тұрақты дамуына бағытталған бастамалар туралы айтылды. Сондай-ақ, конституциялық реформалардың мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыруға, азаматтардың саяси процестерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Коалиция мүшелері музей қызметкерлеріне референдумның мәні мен маңызын түсіндіріп, бұл – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам екенін жеткізді. Кездесу барысында қатысушылар қоғамдағы әрбір азаматтың белсенді ұстанымы елдің болашағын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын айтты.
«Конституциялық өзгерістер – қоғам сұранысынан туындаған маңызды қадам. Бұл құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті күшейту және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру басты назарда. Сондықтан алдағы референдум – әрбір азаматтың ел болашағына қатысты өз пікірін білдіретін маңызды мүмкіндік», – деді Яна Лукпанова.
Сонымен қатар, қатысушылар референдумның маңызына тоқталып, әр азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасау қажеттігін атап өтті. Кездесу барысында музей қызметкерлері өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарымен бөлісті.
Жиын соңында қатысушылар осындай кездесулер қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және маңызды мемлекеттік бастамалар жөнінде кеңінен ақпарат таратуға ықпал ететінін атап өтті.

