«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Ақтөбе өңірлік аймақтық коалициясының мүшелері Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі бағыттарын түсіндіру үшін елді-мекендерді аралауда.
Коалиция мүшелері Шалқар ауданына жұмыс сапары барысында ауыл тұрғындары мен педагогтармен кездесулер өткізді. Бірінші кездесу Жаңақоныс ауылында өтті.
Коалиция өкілдері ауыл тұрғындарына ұсынылған конституциялық өзгерістердің мәнін түсіндіріп, құжат елдің саяси жаңғыруын, демократиялық институттарды нығайтуды және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуді көздейтінін атап өтті.
Өңірлік коалиция жетекшісі Ербол Данағұловтың айтуынша, жаңа Конституция жобасы саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңартуға бағытталған стратегиялық курсқа сай жасалған.
«Ұсынылып отырған өзгерістер елдің саяси жаңғыруына бағытталған. Жобада өкілді билік институттарының рөлін күшейту және вице-президент институтын енгізу қарастырылған. Халық кеңесі де қоғамдық диалог пен қоғамды біріктіру алаңы ретінде маңызды рөлге ие болады, – деді ол.
Өңірлік коалиция мүшесі Ардақ Өтегенов өз сөзінде жаңа Конституция жобасы бизнесті дамыту мен экономикалық өсім үшін мықты құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.
«Ата заң жобасындағы негізгі бағыттардың бірі кәсіпкерлікті қолдау. Шағын және орта бизнесті дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту және іскерлік белсенділікті ынталандыру маңызды факторлар болып табылады. Бұл әсіресе ауылдық жерлер үшін маңызды, себебі кәсіпкерлік еңбекпен қамтуды арттыруға және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Отбасы мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы Айгүл Нұркеева айтып берді.
«Отбасы мен бала құқықтарын қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Ұсынылып отырған конституциялық нормалар отбасы институтын нығайтуға, әлеуметтік қолдауды арттыруға және балалар мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Келешек ұрпақты тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасау – бұл елдің болашағына инвестиция», – деді ол.
Өңірлік коалиция мүшесі Кәмшат Төлеуова негізгі заң жобасындағы басқа да маңызды жаңалықтарға тоқталды.
«Өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жетілдіруге, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамытуға және азаматтардың қоғамдық маңызды шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейтуге бағытталған. Мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы есептілігін күшейту және биліктің ашықтығын арттыру жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды элементтері болып табылады», – деді ол.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары пікірталасқа белсенді араласты. Ауыл атынан сөз алған ардагер Кенжалы Бекбергенов соңғы жылдары ауыл өмірінде елеулі өзгерістер болғанын жеткізді.
«Бірнеше жыл бұрын біз үшін газ, тұрақты ұялы байланыс немесе асфальтталған жол қиял ғана сияқты көрінетін. Бүгін бәрі шындыққа айналды. Аудан орталығынан Жаңақонысқа дейін сапалы асфальт жол салынды, ауылда ұялы байланыс бар, газ жүргізілді. Біздің қасымыздан темір жол өтеді», – деді еңбек ардагері.
Іс-шараның соңында Ербол Данағұлов тұрғындарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«15 наурыздағы референдум – мемлекет пен қоғам дамуының стратегиялық принциптерін конституциялық деңгейде бекітуге берілген тарихи мүмкіндік. Сондықтан барлық тұрғындарды белсенді қатысуға және өз таңдауын жасауға шақырамын», – деді ол.
Тағы бір кездесу Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназиясында өтіп, коалиция мүшелері педагогтармен кездесті. Іс-шара барысында жаңа Конституция жобасында адам капиталын, білім, ғылым, инновация және технологияларды дамытуға арналған басымдықтары талқыланды.
