Батыс Қазақстан облысы Тасқала және Бәйтерек аудандарында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері тұрғындармен кездесіп, жаңа Конституция жобасын талқылады. Оның барысында аграрлық мәселелерге, шағын және орта бизнесті қолдау қадамдарына назар аударылып, жаңа Ата Заң жобасының нормаларында адам капиталына негізгі басымдылық берілгені айтылды
Алдымен Коалиция мүшелері Тасқала аудандағы әлеуметтік сала өкілдерімен жүздесіп, отбасы саясаты тақырыбын қозғады. Мәселен, Коалиция мүшесі, Сенат депутаты Ләззат Рысбекова жаңа Конституция жобасында неке – ер мен әйелдің ерікті әрі теңқұқықты одағы ретінде белгіленгенін жеткізді.
«Бұл норма дәстүрлі құндылықтарды конституциялық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқығын күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ әр салада еңбек ететін жұмысшылар мүддесі де қорғалады. Жаңа Конституция жобасында еңбек – құқық пен құндылық ретінде, ал қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы – мемлекет міндеті ретінде бекітілді», – деді ол.
Бұдан кейін Коалиция мүшелері аудандағы кәсіпкерлермен және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті. Коалиция мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев жаңа Ата Заң жобасы бизнестің тұрақтылығы мен айқын ережелерді қамтамасыз ететініне тоқталды.
«Жаңа Конституция заң үстемдігіне және құқықтық айқындық қағидаттарына негізделген. Бұл бизнесті жүргізу ережелері түсінікті, жария және тұрақты болуы керек екенін білдіреді. Бұл ережелер ағымдағы конъюнктураға немесе әкімшілік шешімдерге байланысты өз бетінше өзгермеуге тиіс. Осылайша, кәсіпкер алдағы жылдардағы қызметін жоспарлай алады. Инвестиция тартуды, кәсіп ауқымын кеңейтуді реттейтін ережелер аяқ асты қайта қаралмайтынын түсінеді», – деді ол.
Ары қарай Коалиция мүшелерінің жұмыс сапары Бәйтерек ауданында жалғасын тауып, мәдениет үйінде аудан жұртшылығымен кездесу өтті. Оның барысында білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар жаңа Конституция жобасының өзегіне айналғаны айтылды. Бұл мемлекет болашағы минералдық ресурстармен емес, адам капиталы мен азаматтардың зияткерлік әлеуетімен айқындалатынын білдіретін түбегейлі бетбұрыс.
«Жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновация бағыты ерекше маңызға ие. Преамбулада аталған бағыттар еліміздің даму бағдарының негізгі құндылықтары екені атап өтілді. Осылайша, аталған салалар мемлекеттің стратегиялық басымдықтары санатына ауыстырылып, отандық ғылымның өркендеуіне жол ашатын түбегейлі жаңа кезеңге бетбұрыс жасадық», – деді Коалиция мүшесі Зульфия Кубеева.
Бұл ретте, «Белес агро» ЖШС қызметкерлерімен өткен кездесуде жаңа Конституция жобасында еңбексүйгіштік құндылығы бекітілгені атап өтілді. Коалиция мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов осы бағытта өз ойымен бөлісті.
«Еңбек ету құқығы, әділ ақы төлеу және кемсітушіліктің болмауы конституциялық норма ретінде бекітіледі. Бұл мемлекеттік саясат өнеркәсіпте, инфрақұрылымда және өндірісте тек экономикалық көрсеткіштер мен жұмыс берушінің пайдасына ғана емес, еңбегі ететін адамның мүддесіне бағдарланатынын білдіреді», – деді ол.
Осылайша, аудандарда өткен кездесулер барысында тұрғындар жаңа Конституция жобасына қызығушылық танытты. Әсіресе жастарды қолдау, еңбек адамының мәртебесін арттыру, ауыл шаруашылығы саласына басымдық беру тақырыптары барынша белсенді талқылады.


