Астана қаласының халықаралық әуежайы ұжымымен жаңа конституциялық реформаны түсіндіруге арналған бейресми кездесу өтті.
Іс-шара барысында жобаның негізгі бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту тетіктері, сондай-ақ реформаның елдің тұрақты дамуына ықпалы кеңінен талқыланды.
Кездесуде Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов сөз сөйлеп, конституциялық жаңғырудың стратегиялық маңызын атап өтті.
«Қазіргі өзгерістер кезеңінде қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайту аса маңызды. Жаңа конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Әрбір қазақстандық бұл өзгерістердің мәнін терең түсінуі тиіс», — деді депутат.
Блогер Әсем Нұрсейітова өз сөзінде қоғамдық диалог пен ақпараттық ашықтықтың маңызына тоқталды.
«Қазіргі қоғамда әр азаматтың дауысы маңызды. Ашық талқылаулар мен түсіндіру жұмыстары халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, реформалардың мәнін кеңінен түсінуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Астана халықаралық әуежайы – елорданың басты авиациялық хабы, жолаушылар мен жүк тасымалын қамтамасыз ететін маңызды көлік нысандарының бірі. Кездесу барысында әуежай қызметкерлері өз ұсыныстарын айтып, қойылған сұрақтарға нақты жауаптар алды.
Іс-шара ашық әрі мазмұнды пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар жаңа конституциялық реформаның ел болашағы үшін маңызын атап өтті.

