Қызылордада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері Арал ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, алдағы республикалық референдумның маңызы мен ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұнын кеңінен талқылады.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Ата заң жобасы елдің тұрақты дамуына негіз болатынын, әлеуметтік саясатты жетілдіруге және азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Әсіресе, қоғамның мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді қатысуы мен институционалдық сенімді арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
15 наурызға белгіленген республикалық референдумның маңыздылығы айтылып, әрбір азаматтың таңдауы ел болашағына тікелей әсер ететіні жеткізілді.
«Референдум – қоғамға өзінің басты заңына қатысты шешім қабылдауға берілген маңызды мүмкіндік. Еліміздің әрбір азаматы жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарымен танысып, ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты талқылауы қажет. Халықтың белсенді қатысуы арқылы әр ұсыныстың қоғамдық маңызы айқындалады. Бұл қоғамдағы ашықтық пен сенімді нығайта түседі. Сондықтан референдум – тек формалды іс-шара емес, ол еліміздің құқықтық жүйесін нығайтуға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды үдеріс», - деді аумақтық коалиция жетекшісі Базарбай Төрахметов.
Жиынға коалиция мүшелері Талғат Қанатов, Арғынбай Асанбаев және Болатбек Әліпов қатысып, Ата заң жобасындағы нормаларына қатысты пікірлерін білдірді. Олар ауыл тұрғындарын еліміздің басты құжатын қолдауға шақырды.