Іле ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері «ДАМУ» индустриялық-логистикалық орталығының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ коалиция өкілдері қатысты.
Бүгінде орталық қойма кешендері, кедендік рәсімдеу және көлік-логистикалық қызмет көрсету бағытында жұмыс істейді. Кәсіпорында 300-ге жуық адам еңбек етеді. Нысан өңірдегі ірі жеке индустриялық-логистикалық алаңдардың бірі.
Жүздесу «Әділетті заң – тұрақты мемлекет негізі» тақырыбы аясында өтіп, оның барысында заң үстемдігі, құқықтық тәртіп және қоғам тұрақтылығы мәселелері кеңінен қозғалды. Сонымен қатар 15 наурызға белгіленген жалпыхалықтық референдум қарсаңында Конституцияға енгізілетін өзгерістердің негізгі бағыттары түсіндірілді.
Коалиция мүшелері реформалардың басты мақсаты – сот жүйесін жетілдіру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін атап өтті.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев заң үстемдігі өңірдің экономикалық тұрақтылығы үшін де маңызды екенін айтты. «Заң үстемдігі – бұл тек құқық қорғау саласының мәселесі емес. Бұл – инвестициялық ахуалға, кәсіпкерліктің дамуына, өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне тікелей әсер ететін фактор. Әділетті әрі түсінікті ережелер болған жерде бизнес те, өндіріс те сенімді жұмыс істейді», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы әрбір азаматтың дауысы ел болашағы үшін маңызды екенін айтып, тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды. Өз кезегінде ұжым өкілдері ел болашағын айқындайтын маңызды кезеңде белсенділік танытуға дайын екендерін жеткізді.